Ресейдің ауыр атлетика федерациясы Қазақстан халқынан кешірім сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грозный қаласында өткен РФ Президенті Кубогы үшін сайыста қазақстандық ауыр атлетшілер Илья Ильин мен Александр Зайчиковты марапаттау кезінде Қазақстанның ескі әнұраны шырқалған болатын.

Ресейдің ауыр атлетика федерациясы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына хат жолдап, онда аталған жайтқа қатысты бүкіл Қазақстан халқының алдында кешірім сұрайтындарын жеткізді, деп хабарлайды sports.kz. Еске салайық, 13 желтоқсан күні Грозный қаласында өткен ауыр атлетика бойынша Ресей Федерациясы Президентінің Кубогы үшін бесінші халықаралық турнирде ерлер арасындағы 105 келіге дейін салмақта бақ сынаған Илья Ильин 2 мәрте әлем рекордын жаңартып, жеңімпаз атанған болатын. Тағы бір спортшымыз Александр Зайчиков күміс медаль иеленген еді. Жеңімпаздарды ұлықтау рәсімінде Қазақстанның ескі әнұраны ойналғанын аңғарып қалған Илья жарысты ұйымдастырушылар мен марапаттауға шыққан азаматтарға бұл ескі әнұран екенін айтты. Кейін еліміздің жаңа әнұраны шырқалды.