Ресейдің Краснодар өлкесінде 5 жасөспірім мұз астында қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Краснодар өлкесінде 5 жасөспірім мұзға құлады. Осы уақытта олардың тек екеуінің ғана денелері табылды. Бұл туралы Риа Новости агенттігіне Ресейдің Тергеу комитетінің өкілдері хабарлады.

Оқиға Тимашев ауданының Садовод ауылында болды. 13-14 жас аралығындағы жасөспірімдер серуендеп, үйге қайтып келе жатқан. Жол қысқартамыз деген мақсатпен олар мұз үстімен жүріп өтпек болып, жарылған мұздың астында қалды. 

Балалардың бірі құтқарылды, тағы біреуінің мәйіті судан шығарылды. Кейінірек екінші жасөспірім де өлі күйінде табылғандығы хабарланды. Өзгелерді іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Өңірлік прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, жасөспірімдердің барлығы үлгілі отбасында дүниеге келіп, дұрыс тәрбие алған балалар.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында оқиға орнына іздестіру-құтқару қызметінің өкілдері жөнелтілгендігі хабарланған. Оқиға орнында жоғалғандарды іздестіру жөніндегі арнайы ведомствоаралық штаб құрылды. Сондай-ақ 80 адам мен 22 техникадан арнайы жасақ құрылды.