Ресейдің Мәдениет министрі Қазақстанның ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды
Кездесу барысында Әбдіқалықова Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас сауда-экономикалық, саясат сынды барлық салада, оның ішінде мәдени-гуманитарлық бағытта да қарқынды дамып келе жатқандығын баса айтты.
«Ең алдымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жақсы бір миссияны орындап, сізге екі елдің арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегіңіз үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстағым келіп отыр», - деді Мемлекеттік хатшы.
Өз кезегінде Ресейдің Мәдениет министрі Қазақстанның ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталуын зор құрмет деп бағалайтындығын айрықша атап өтті.
«Ең алдымен ҚР Президентіне алғысымды білдіремін. Бұл жеке менің ғана емес, бүкіл Ресейдің мәдени қызметкерлеріне беріліп отырған баға. Олар Қазақстанға, Астанаға зор құлшыныспен келеді. Өйткені, бұл ел біздің жақын көршіміз, бауырлас халқымыз», - деді Ресейдің Мәдениет министрі.
Кездесу соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ресейдің Мәдениет министріне зор денсаулық, игілік және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудағы еңбегіне табыс тіледі.