Ресейдің Новогород облысында көл табанынан танк көтерілді
08:22, 19 Мамыр 2009
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Ресейдің Новгород облысындағы Малахово деревнясының маңында Ұлы Отан соғысы кезеңінен қалған Т-34 танкін су астынан көтеру жөніндегі операция аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мұрағат мәліметтері бойынша, танк Великие Лукидегі шайқасқа қатысқан және 1942 жылы желтоқсанның 13-інде әскери шабуыл кезінде батып кеткен. Танк көлдің батпақты бөлігінде 6 метрдей тереңдікте жатқан. «Жауынгерлік машинаның корпусындағы «Смелый» деген жазу да сақталып қалған. Қазіргі уақытта су астынан танктің қару-жарақтарын көтеру жұмыстары жалғасуда», - дейді Псков облысының Жастар саясаты және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Александр Коновалов. Танкті көтеру жұмыстары «Псков облысының Жауынгерлік даңқ мұражайы» іздестіру тобының күшімен сәуірдің 30-ынан бері жүргізіліп келеді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, танк мұражайдың әскери техникалар экспозициясына қойылады. Псков мұражайының іздеушілерінің есебінен батпақтан шығарылған 10 ескерткіш-машина бар. Олар сондай-ақ 2593 кеңес жауынгерінің сүйектерін тауып, қайта жерлеген.