Ресейдің бидай импортына тыйымы Қазақстанның БРИКС-ке кіруден бас тартуымен байланысты ма

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанның БРИКС-ке кіруден бас тартуына байланысты Ресей қазақстандық бидай импортын шектеді деген шетелдік БАҚ-та таралған ақпаратты жоққа шығарды.

Фото: Kazinform

«Бұл жалған ақпарат, мүлдем дұрыс емес. Бұл мәселе біздің деңгейде тіпті қарастырылмайды», - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түскенін мәлімдеген еді. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатқаны айтылды. 

«Қазақстан БРИКС-тің даму эволюциясын қызығушылықпен мұқият бақылап отыр. Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекеттер басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды», - деді Берік Уәли.