Ресейдің бүкіл аумағында мигранттарды бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейде Мәскеу мен Мәскеу облысында қолданыстағы «Амина» жүйесіне ұқсас мигранттардың елге кіруі мен жүріп-тұруын биометриялық бақылау жүйесін бүкіл ел аумағында енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі «Ведомости» басылымына сілтеме жасап.

Фото: Avesta.tj

— Дәл осындай тәсілді енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәскеу жаңа жүйені қолданудың үлкен сынақ алаңына айналып, айтарлықтай тәжірибе жинақтады, — деді Медведев сұхбатында.

«Амина» сервисі Ресейге жұмыс істеу үшін келетін визасыз елдердің азаматтарын цифрлық бақылау және миграциялық есепке алу үшін қолданылады. Эксперимент аясында жүйе мигранттың цифрлық бейінін қалыптастырады, геолокация деректерін ІІМ-ге жібереді, тұрғылықты жері туралы қашықтан хабарлауға мүмкіндік береді және нақты орналасқан жерінің мәлімделген мекенжайға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Медведевтің айтуынша, алдағы уақытта Ресейдегі бүкіл миграциялық есепке алу жүйесі электронды форматқа көшуі мүмкін. Алайда ол әзірiе барлық өңірде қажетті техникалық мүмкіндік, соның ішінде кең жолақты интернет пен мобильді байланыс жоқ екенін айтты.

РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары цифрлық жүйені қолдануға байланысты тәуекелдерді де ескеру қажет екенін айтты. Атап айтқанда, оның сөзінше, жүйені зиянды бағдарламалардан қорғауды қамтамасыз ету қажет.

Бұған дейін Қазақстандағы көші-қон өсімі жарты жылда 5,7 мың адам болғанын туралы жазғанбыз.