Астанада Ay Yola тобы мен Ресейдің танымал мәдениет саласының өкілдері өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Ресей Федерациясының Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатында ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Мәдениет министрлігі

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ екі елдің дипломатиялық корпусы мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Гала-концерт бағдарламасында бүкілресейлік және халықаралық байқаулардың лауреаты Софья Онопченконың, башқұрттың «Ay Yola» фолк-тобының, «Саха (Якутия) Республикасының мәдениет саласының үздігі» құрметті атағының иегері Олена Уутайдың және өзге де өнерпаздардың хореографиялық, аспаптық және вокалдық-аспаптық қойымлымдары ұсынылды.

Сонымен қатар қалмақтың халық музыкасы мен буряттың халық әндері шырқалды. Кеште Мәскеу мемлекеттік академиялық «Гжель» би театры, Дағыстанның еңбек сіңірген академиялық «Лезгинка» би ансамблі және Қалмақия мемлекеттік «Ойраты» би театры өнер көрсетті.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кету керек, Ресей Федерациясының Қазақстандағы мәдениет күндерінің бағдарламасы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шараларды қамтиды. Осы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибелер: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығы» атты дөңгелек үстел өтіп, онда жаңа бірлескен жобалар талқыланды. Бұдан бөлек, елордада Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі басталды. Фестиваль көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғасады. Ал, мәдениет күндерінің ашылуындағы ең басты оқиға Ресей өнерпаздарының гала-концерті болды.

Осыдан алты ай бұрын Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері табысты өткен болатын. Оның аясында көрермендер Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің қорынан жасақталған «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесімен танысып, Қазақстан киносы күндеріне қатысып, сондай-ақ «Парасат майданы» спектаклін тамашалады.

Бағдарлама Үлкен театрда ұйымдастырылған Қазақстан өнерпаздарының гала-концертімен аяқталды. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен айтулы оқиға мазмұнды бағдарламасымен айрықша әсер қалдырды.

Осыған дейін Астанада Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері өтетіні туралы жаздық.