Ресейдің «Союз МС-26» ғарыш кемесі 7 айдан кейін экипажымен Жезқазған маңына қонды

Фото: Фото: oxu.az

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – NASA астронавты Дональд Петтит 7 айлық ғарыштық миссиядан кейін Жерге оралды, деп жазды oxu.az сайты.

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) астронавты Дональд Петтит 7 айға созылған ғарыштық миссиядан кейін Жерге оралды. Бұл оқиға оның 70 жасқа толған күнімен тұспа-тұс келді.

Фото: oxu.az

Sky News басылымына сілтеме жасаған Oxu.Az мәліметінше, Петтит — АҚШ-тағы ең егде жастағы қызмет етуші астронавт. Ол Ресейлік ғарышкерлер Алексей Овчинин және Иван Вагнермен бірге Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) 7 айлық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Үшеуі мінген «Союз МС-26» ғарыш кемесі 20 сәуір күні Қазақстан аумағына сәтті қонды.

«Кеме орбитадан сәтті шығып, Жерге қонды», — делінген ресми хабарламада.

Экипаждың жеті айлық ғылыми миссиясы 2024 жылғы 11 қыркүйекте басталды. Осы уақыт ішінде ғарыш кемесі 220 күн ішінде Жерді 3 520 рет айналып шықты. Бұл — Петтит пен Овчинин үшін ғарышқа төртінші, ал Вагнер үшін екінші сапар болды.

NASA мәліметінше, Дональд Петтит орбитада бірнеше маңызды зерттеу жүргізген. Ол металлдан 3D-басып шығарудың мүмкіндіктерін жетілдіру, суды залалсыздандыру технологияларын жақсарту, өсімдіктердің түрлі жағдайларда өсуін және микрогравитация жағдайындағы оттың қасиеттерін зерттеген.