Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдегендей, қаладағы туристік әлеуеті жоғары бірқатар нысан ресейлік тараптың жалдауынан шығарылып, жаңа бағыттарға қосылды.
— Олардың қатарында «Гагарин старты», «Гагарин беседкасы», динамикалық сынақ стенді және «Энергия-Буран» монтаждау-отын құю кешені бар. 2024 жылдың желтоқсан айында ғарыш айлағында алғаш рет ұлттық нақышта киіз үй үлгісінде салынған қазақстандық заманауи бақылау пункті пайдалануға берілді. Туристік қызметті ұйымдастыратын «Инфракос» кәсіпорны 30-дан астам туроператормен ынтымақтастық орнатқан, — деді ол.
Өңірлік туризмді дамыту бағытында облыс мектептерінің оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері және облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері үшін ғарыш кемелерінің ұшырылымын тамашалауға арналған туристік сапарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Бұған дейін Премьер-Министрдің тапсырмасымен Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.