Ресейлік және қытайлық мамандар басқа ғаламшарларды зерттеуде бірлескен жобаларды талқылауды бастады, деп мәлімдеді жексенбі күні «Ресейғарыш» мемлекеттік корпорациясының басшысы Игорь Комаров. Ол ел тарихында алғаш рет космоноавтика күнін мерекелеуге орай Қытайда жүр, деп хабарлады РБК.
«Біз басқа ғаламшарларды зерттеу жөніндегі бірлескен жобаларды талқылай бастадық, яғни біздің ЕҒА-мен бірлескен марстық жобамызға қызығушылық бар және біз қытайлық әріптестермен бұл мәселені талқылаудамыз... Сондай-ақ Марс пен Айды зерттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша белсенді жұмыс жасаудамыз», - деп әңгімеледі Комаров.
Оның айтуынша, сонымен бірге Мәскеу мен Бейжің зымыран технологияларын қорғау шартын белсенді талқылауда, бұл жөнінде екі тарап тиісті құжаттарға қол қоймақ. Комаров 2016 жылдың жазында-ақ бұл шартқа қол қойылуы мүмкін, деп санайды.
«Таяудағы айларда біз технологияларды қорғау жөнінде келісім әзірлейміз. Қазір құжат жоғары дәрежедегі дайындық сатысында», деп түсіндірді «Ресейғарыш» басшысы. Комаровтың айтуынша, бұл шарт зымыран двигательдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық үшін аса маңызды.