Ресейге 36 тонна қара металл өткізбек болғандардың жолы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар 36 тонна қара металл тиеп келе жатқан екі жүк машинасын ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ-авто» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары «КамАЗ» жүк көлігімен 19 тонна металды заңсыз жолмен шекара асырмақ болған 33 жастағы Қазақстан азаматын қолға түсірді.

Сондай-ақ Петропавл шекара отрядына қарасты «Жаңажол» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары тіркемесі бар «МАЗ» жүк көлігімен 17 тонна металл өткізуге тырысқан 50 жастағы қазақстандықтың жолын кесті.

Ұсталғандар Қазақстаннан Ресейге бара жатқан.

Аталған дерек бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды.