Ресейге 86 тонна бензинді заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды - ҰҚК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ-Ресей шекарасында қазақстандық шекарашылар 86 тонна бензинді заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінен.

Шекара қызметінің «Шығыс» өңірлік басқармасының «Семей» жеке өткізу-бақылау бөліміне қарасты «Қоянбай» (автомобильді) бекетінің бақылаушылары «МАЗ» және «IVEKO» автомашиналарын тексеру кезінде жалпы салмағы 86 тонна болатын бензинді (АИ-80) шекарадан заңсыз өткізуге тырысқан ресейлік және қазақстандық азаматтарды ұстады.

«Павлодар - Барнаул» (РФ) бағытында тіркемелерін тіркеп жолға шыққан сыбайластардың жүкке байланысты көрсеткен құжаттары жарамсыз болып танылды. «Оқиға болған жерге Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық ішкі істер бөлімінен жедел-тергеу тобы келіп, Қылмыстық кодекстің 183-1 бабына сәйкес, шекарашылар анықтаған материал полиция қызметкерлеріне берілді. Тергеу жұмыстары жүргізілуде», делінген хабарламада.