Мәжілісте «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» ҚР заңының жобасын талқылау барысында депутат Альберт Рау министрден АҚШ-тың Ресейге қатысты санкцияларының еліміздің экономикасына әсерін сұраған болатын.
«Біз Қазақстан экономикасына ықпал ететін түрлі сауда, инвестициялық, бағамдық арналарды қарастырдық. Қазіргі уақытта ең үлкен арна - бұл бағам болып отыр. Яғни, теңге мен рубль бағамының белгілі бір байланысы бар. Бүгін Ұлттық банкпен бұл мәселені жан-жақты талқыладық», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, Ресейге қатысты америкалық санкциялардың Қазақстан экономикасына тікелей ықпал ететіндей қандай да бір факторлар жоқ.
«Соған байланысты ахуалдың одан ары қарай дамитындығын келесі сауда сессиясының ішінде бақылап көру ұсынылады. Дегенмен, қалай болғанда да біз аптаның соңына дейін санкциялардың ықпал деңгейін анықтау жөніндегі Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспарын және олар бізге теріс әсер ете бастаған жағдайда оны шешу жолдарын жасайтын боламыз», - деді Тимур Сүлейменов.