13:05, 19 Наурыз 2009
Ресейге Қазақстанда табылған иконаларды беріп, оның орнына өз құндылықтарымызды қайтарып алу қажет - Ө. Байгелди
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ресейге Қазақстанда табылған иконаларды беріп, оның орнына Алтын адамның сүйегі мен Кенесарының бас сүйегін қайтарып алу қажет.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Өмірбек Байгелди осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында Қазақстанның кеден органдары елімізден заңсыз алып өтпекші болған бағалы иконаларды ұстап, шекарадан өткізбей құндылықтарды алып қалды. Осыған орай, жаңағы алынған иконаларды сұрау салдырмай-ақ, Ресей мемлекетіне тапсыру қажет деген ұсыныс жасаған едім. Өйткені, бұл құндылықтар сол мемлекетке қымбатырақ болып отыр. Кеңес өкіметі кезінде бұндай иконалар жасалмаған, яғни қазір табылған құндылықтар ескі, тарихи заттар, бір кездері қазақ жеріне келген дүниелер болып табылады. Ал ондай заттарды өз ниетімізбен саналы түрде қайтарғанның еш артықшылығы жоқ. Оның есесіне, Қазақстанның Ресейден қайтпай қалған құндылықтары баршылық, соларды қайтаруға талпыну керек. Мәселен - Алтын адамның сүйегі. Бұл кезінде Ресей ғалымдарының сол сүйектің жасын анықтап беруі үшін Қазақстаннан жөнелтілген екен, бірақ елімізге қайтпай қалды. Екіншіден - Кенесарының бас сүйегі. Бұны айтуға еш намыстанудың қажеті жоқ. Біз айтпағанмен де осындай қасиетті құндылықтарды елімізге қайтару туралы келешек ұрпақ мәселе қояды. Кейбір елдер үшін адамның сүйегі малдың сүйегі секілді құнсыз болуы мүмкін. Бірақ, қазақ үшін ықылым заманнан ең құнды дүние ата-бабасының сүйегі болған», деді Өмірбек Байгелди.
Сенатордың айтуынша, Алтын адам мен Кенесарының бас сүйегі Ресейде құндылық ретінде сақталып тұрған жоқ. Тек, мұражайдағы мыңдаған заттар санының кеміп қалмауын ойлағандықтан, әрі нөмірленіп, тізімделіп кеткен соң сақталып қалған. «Еліміз үшін қасиетті саналатын құндылықты келісім бойынша қайтарып алсақ, ата-бабалар алдындағы парызымыздың өтелгені, жоғымыздың, кем дүниеміздің толыққаны болар еді», деді Ө. Байгелди. Сенатордың бұл пікіріне басқа да әріптестері қолдау білдірді.