Ресейге келу мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттер қашықтан оқи алады - ҚР СІМ
12:38, 29 Желтоқсан 2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейге келу мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттер қашықтан оқи алады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Telegram каналынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттардың Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ресейдің Оқу-ағарту министрлігінің, ресейлік жетекші жоғары оқу орындарының басшылығымен өткізген келіссөздерінің қорытындылары бойынша келесіні хабарлаймыз. Ресей тарапы қазіргі уақытта эпидемиялық жағдайға байланысты Ресейге келу мүмкіндігі жоқ қазақстандық студенттер қашықтықтан оқи алады деп сендірді. Атап айтқанда, Ғылым және жоғары білім министрлігі ресейлік университеттерді жеке оқу жоспарларын жасауға немесе академиялық демалыс беруге шақырды»,-делінген хабарламада.