Ресейге құйған инвестиция 6 млрд долларға жуықтады – Президент сұхбатынан

Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасында жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба жүзеге асып жатыр. Одан бөлек, екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны қолға алды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатта айтылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Инвестициялық ынтымақтастық туралы сауалыңызға орай мына нәрсені айтқым келеді. Соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтады. Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді», - деп жауап берді Мемлекет басшысы сұхбат сауалына.

Қасым-Жомарт Тоқаев түсіндіргендей екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр.

«Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін бұл бағытта мол әлеует бар», - деп толықтырды Президент.