Ресейге Сыр өңірінен 2 мың тонна қауын-қарбыз экспортталады
12:45, 25 Ақпан 2017
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы шаруашылықтарды кооперативтендіру тұрғысында өткен жылы біршама жұмыстар атқарды. Нақтыласақ, 133 кооператив құрылған, оның 18-і 300-ден астам шаруаның басын біріктіріп отыр. Осы жылы 16 кооператив құру жоспарлануда, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.
Ақжолтай жаңалықтардың бірі Сырда өсірілген күріштің ирандық «Таромо-хошеми» сорты ойдағыдай өнім берді. Бүгінде осы сорт өнімін Иранға экспортқа шығаруға жұмыстар жасалу үстінде. Қармақшыдағы «Ақтөбе и К» ЖШС егістігінде жайқалып өскен дақылды биыл 100 гектар жерге отырғызу көзделіп отыр.
Жоспарға сәйкес, алынған дәннің алдымен 60 тоннасы экспортқа жіберіледі. Негізгі мақсат - 2020 жылға қарай бұл сортты егу көлемін 8000 гектарға жеткізу. Сондай-ақ, бүгінгі күні Сыр қауынына сұраныс артып келеді. Әсіресе, ресейліктер өңірде тамырлаған қауын-қарбызды аттай қалап отыр. «Осы жылы көрші елге 2000 тоннасын экспорттаймыз»,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Өмірхан Пашкенов.