Айта кетейік, жалпы отырыста Қазақстан мен Ресей арасындағы 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен жауынгерлік алаңдарын жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама қабылданған болатын.
«Хаттамаға сәйкес, Ресей тарапы полигон үшін алып отырған алты жүз мың гектарға тарта жер учаскесін қайтарып беріп отыр. Әрине, бұл Ресей үшін оңай шешім болмағаны анық. Дегенмен, бұл Елбасының Үкіметке жүктеген тапсырмасы екенін айта кету керек. Сондықтан да, полигон үшін алынып отырған жердің қайтарылуы ел игілігіне жұмыс істейді деп сенемін. Мәселен, Атырау облысында қаншама халық осының кесірін тартып келді. Керек болса, мемлекеттің тиісті көмегін де ала алмаған, туған балаларына өз елінде тиісті куәліктерін алуға да мүмкіндігі болмай қалған кездер болған еді», деді И. Адырбеков.
Оның айтуынша, Ресей жалға алған аумақта мыңдаған гектар құнарлы жерлер бос жатыр. Оның астында қазба байлықтар да баршылық. Ал полигон аймағындағы құр жатқан жерлер жыл өткен сайын құнарынан айырылуда.
«Айта кетерлік тағы бір жағымды жаңалық, осы келісім күшіне енгеннен кейін «Қазаэроновигация» Оңтүстік Шығыс Азиядан Еуропа бағытындағы транзиттік маршруттарға екі әуе жолын ұсына алады. Яғни, еліміздің әуе кеңістігіндегі транзиттік әлеуеті артып, бюджетке түсім түседі. Сондықтан да, біз Ресей тарапынан бұрын пайдаланып келген жерлерін залалсыздандыруды қысқа мерзімді аяқтауын талап етуге тиіспіз. Бұдан бөлек, әлі де Ресейге жалға беріліп отырған он миллион гектар жердің басым бөлігін ел мүддесіне қайтарылуын жалғастыру беруіміз керек», деді сенатор.