Ресейлік «Аэрофлот» Қазақстанға ұшуларын уақытша тоқтатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің әуе тасымалдаушысы «Аэрофлот» компаниясы өз сайтында сенбі Қазақстанға әуе рейсін тоқтатқанын хабарлады. Өйткені Қазақстан 27 наурызда күшіне енетін жазғы кесте бойынша ұшуларды орындауға рұқсат құжаттаманы бермеген.

«Аэрофлот» Ресейден Қазақстанға бағыттардың тағайындалған тасымалдаушысы болғанына және ұшуларды орындауға 12 ақпанда өтініш бергеніне қарамастан сәйкесінше рұқсаттарды ала алмады», делінген ресейлік ТАСС агенттігі таратқан хабарламада.

«Аэрофлоттың» мәліметінше, 26-27 наурызда Қазақстанның қалаларына және кері бағытқа 11 рейс тоқтатылған.

Еске сала кетсек, аталмыш агенттік бұған дейін Air Astana да 27 наурызда Ресей астанасы Мәскеуге ұшатын рейстерді іске асырмайтыны туралы хабарлаған болатын.

«Мәскеуге Air Astana әуе компаниясының рейстері ресейлік авиация билігінің ұшып өту рұқсаттарын беруден бас тартуына байланысты 27 наурызда болмай қалуы мүмкін», - деп хабарлаған болатын ұлттық тасымалдаушы.

Бұл жағдай дер кезінде тіркеуге өтініш бермеген «Аэрофлот» кесірінен орын алған, ал дер кезінде өтініштерін берген ресейлік әуе компанияларының барлығына аталмыш рұқсат шектеусіз берілген.

Ұлттық әуе тасымалдаушы «қазақстандық тарап кезекті рет мәселені шешуге және ресейдің авиация билігінен ресми хат алған жағдайда тәулік ішінде "Аэрофлотты" жедел тіркеу жүргізуге және рұқсаттар беруге дайындығын мәлімдеді.