Ресейлік байқаушы Алматы қаласындағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үрдісі туралы баяндады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бас директоры Валерий Федоров Алматы қаласы Бостандық ауданындағы 4 сайлау учаскесіндегі дауыс беру үрдісі туралы баяндады.

Ол және Ресейлік өзге де халықаралық байқаушылар мұнда сайлау учаскелері сапалы ұйымдастырылғанын айтты.

«Таңғы сағат 07.00 -ден 11.00-ге дейін заңбұзушылық анықталмады. Сайлау жәшіктерін байқадық, тіркелген сайлаушылардың санын көрдік, оларды бөлінген бюллетеньдердің санымен салыстырдық. Бюллетеньдердің сайлаушылардың санынан асып түсуі байқалмады. Керісінше бір учаскеде бюллетень саны азырақ болды. Бюллетеньдердің 100 % пайдаланылуы екіталай екенін білеміз. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі», - деді В.Федоров.

Байқаушы алғашқы сайлаушылар сайлау учаскесі ашылмай-ақ келе бастағанын айтты. «Алғашқы сайлаушылар сағат 06.40-та келді, оларға сәл күтуге тура келді. Кей жерлерде кезек байқалса, енді бір учаскеде кезексіз өтуде. Дауыс беру тыныш, қалыпты жағдайда, заң бұзушылықсыз жатыр», - деп түйді В.Федоров.