Ресейлік дінбасы мінген ұшақ ауа райына байланысты Алматы әуежайына қона алмады

6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл мінген ұшақ бүгін түстен кейін Алматы әуежайына ауа райының қолайсыздығына байланысты қона алмады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қонуға қолайлы сәтті күткен ұшақ Алматы аспанын 2 сағаттан астам бойы шарлап, ақыры Астанаға бет түзеді. Бұған дейін хабарлағандай, Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл мінген ұшақ Алматы әуежайына түстен кейін келіп қонуы тиіс болатын. Сондай-ақ бүгін Қасиетті Никольский соборында, ертең Қасиетті Вознесенск кафедралды соборында болып, салтанатты діни шараларға қатысады деп күтілген еді. Сонымен қатар, Патриарх Абай атындағы опера және балет театрында православ қауымының өкілдерімен кездесуі жоспарланған болатын. Жергілікті епархия өкілдерінің айтуынша, Алматыда тұман ашылса, Патриарх бүгін түнде Алматыға оралып, ертеңге жоспарланған іс-шараларға қатысады.