Ресейлік фантаст-жазушы С.Лукьяненко фантастикалық шығармалардың «Байқоңыр» халықаралық байқауының қазылар алқасының мүшелігіне енді

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Белгілі ресейлік фантаст-жазушы Сергей Лукьяненко фантастикалық шығармалардың «Байқоңыр» халықаралық байқауының қазылар алқасының мүшелігіне енді.

Бұл туралы «Болашақ» халықаралық стипендиясы қауымдастығынан хабарлады.

«Байқоңыр» қоғамдық сыйлығының қазылар алқасының құрамына әйгілі ресейлік фантаст-жазушы, «Түнгі шолғыншы», «Күндізгі шолғыншы», «Алакеуімдегі шолғыншы» кітаптары мен Тимур Бекмамбетов түсірген аттас фильмдердің сценарийлерінің авторы қосылды.

Сергей Васильевич Лукьяненко Қазақстанның Қаратау қаласында дүниеге келіп, Алматы мемлекеттік медицина институтын дәрігер-психиатр мамандығы бойынша бітірген. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында Алматы қаласының «Альфа-Пегас» фантастика клубының негізін қалаған. Қазіргі уақытта С.Лукьяненко Мәскеу қаласында тұрып, қызмет етеді.

Жазушы «Аэлита», «Жұлдызды көпір», Платина Тарланы, Александр Грин атындағы сыйлықтардың иегері. «Ел кезуші» сыйлығының бірнеше аталымы бойынша жеңімпаз.

Байқау жеңімпаздарын С.Лукьяненкомен бірге қазақстандық фантастиканың негізін қалаушылар - Абдул-Хамид Мархабаев пен Медеу Сәрсекеев, жазушы, ақын, ғалым Орынбай Жанайдаров, қазақ әдебиетіндегі алғашқы әйел фантаст-жазушы Нарбинь Кенжеғұлова анықтайтын болады.

Еске салайық, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Болашақ» Қауымдастығы мен қазақстандық фантастика әуесқойлары әлемдік ғылыми фантастика ілімі мен ғарышты игеру ісінің дамуына қосқан үлесі үшін берілетін «Байқоңыр» қоғамдық сыйлығын жариялаған болатын. Сыйлық шеңберінде 1 наурыз бен 12 сәуір аралығында мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық әдеби фантастикалық әңгімелер байқауы өткізілді. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 800-ден астам жұмыс жолданды.

Одан кейін, нақты айтқанда 12 сәуір - Халықаралық ғарышкерлер күні фантастикалық әңгімелердің «Байқоңыр» халықаралық жастар байқауы жарияланды. Ең үздік туындылар әдеби журналдарда, кітап жинақтарында жарияланатын болады.