Ақорданың баспасөз қызметі ресейлік ғарышкерлердің Елорданы 20 жылдығымен құттықтаған бейнежолдауын Facebook желісіне жариялады.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, көршілес Қазақстан халқы, біз, Халықаралық ғарыш стансасына аттанған 56-шы экспедиция мүшелері, сіздерді Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Астана - ерекше келбетімен көзге түсетін, күннен күнге дамып келе жатқан әсем қала. Астана - жас, жігерлі, мақсаты айқын жандардың мекені. Бұл шаһарда барлық армандар орындалады. Сіздерге бейбітшілік пен ашық аспан тілейміз. Әсем қала Астана гүлдене берсін!», - деді Олег Артемьев.
Сондай-ақ, ғарышкерлер Елордада ғарыш саласының дамып, Ұлттық ғарыш орталығының ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Бұған - қазіргі таңда жүргізіліп жатқан Ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы дәлел. Бұдан бөлек, елімізде Жерді қашықтықтан алдын ала тексеру, байланыс және хабар тарату жүйелері іске қосылды.