Ресейлік із кесушілер Калуга маңында қаза тапқан қазақстандықтардың ұрпақтарын іздеп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ресейлік із кесушілер Калуга маңында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың ұрпақтарын іздеп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Ресейлік із кесушіер Ульяновск ауданы Нагая ауылында «Калужские засеки» мемлекеттік қорығының аумағында жүргізген іздеу жұмыстары барысында 1943 жылғы медициналық қабірлерді тапқандарын хабарлады. Олар жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің 28 жауынгерінің сүйектерін тапқан. Жауынгерлердің бірінен қағазға жазылған қосымшасы бар сарбаз медальоны табылған және ондағы жазудың өшіп қалғанына қарамастан, оқуға мүмкіндік болған. Оның Гурьев облысынан майданға шақырылған Александр Дмитриевич Тараканов екені белгілі болды. Қорғаныс министрлігінің орталық архивіндегі құжаттарға сәйкес, бұл жауынгердің дерегі бойынша қалған 27 адамның есімдерін анықтаған. Архивтік құжаттардан белгілі болғандай, бұл сүйектер 26-шы Гвардиялық атқыштар дивизиясының 75 және 77 Гвардиялық атқыштар полкінің жауынгерлеріне тиесілі. Олар 1943 жылдың 14-22 шілдесінде осы ауданда болған шайқаста жарақат алып, қаза тапқан», - деп хабарлады Атырау қалалық қорғаныс істері басқармасы қоғаммен байланыс инспекторы Гүлжансара Мұхтарова.

1907 жылы Гурьев қаласында дүниеге келіп, Пролетарск көшесі, 2 «Б» үйінде тұрған Александр Дмитриевич Тараканов пен оның жұбайы Анастасия Петровнаның туыстары туралы қандай да бір ақпарат білетіндердің мына телефондарға хабарласуын сұрайды: 51-56-48, 51-56-42.