Шиелі аудандық полиция бөліміне Ш. Қодаманов ауылы маңындағы трассадан табылған бала туралы ақпарат келіп түскен. Түн ішінде жалғыз жүрген 9 жасар баланы Самара-Шымкент тасжолының 1957-1907 шақырымында Сунақ ата кенті мен Қызылорда облысының 19-шы бөлімшесі маңында патрульдік полицейлер байқаған.
Олар баланы Шиелі аудандық полиция бөліміне жеткізіп, қалай адасқанын сұрастырған және бірден ата-анасын іздестіру жұмыстарын бастаған.
«Тексеру барысында 9 жасар жеткіншек ата-анасымен бірге сапарлап келе жатқаны белгілі болды. Жол бойында көлік тұраққа тоқтаған және ата-ана көліктен түскен. Сол сәтте автокөліктің артқы орындығында ұйықтап жатқан бала оянып, сыртқа шыққан. Ата-анасы оны байқамай, көлікті оталдырып, сапарын жалғастырған. Қызметкерлер шұғыл түрде сұр түсті Lada-Vesta көліктерін тоқтатуға тапсырма берді. Жедел-іздестіру әрекетінің арқасында көлік тұрақтарының бірінен баланың ата-анасы табылды. Полицейлер келгенде ғана ата-ана баласының көліктен түсіп қалғанын байқаған», - делінген хабарламада.
Әңгіме барысында олардың Ресей азаматтары екендігі және Тәжікстанға бара жатқаны белгілі болды. Олар баламен туыстығын растайтын барлық қажетті құжаттарды көрсетті. Ата-ана полицияға жедел әрекет еткендері үшін және ұлының өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс айтты.