Ресейлік полицейлер Lexus мінген азаматты өлтірмек болған адамды атып тастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей астанасы Мәскеуде полиция қызметкерлері Lexus мінген кәсіпкерге қастандық жасауы мүмкін деп күдік келтірілген адамды атып тастады. Күдікті тәртіп сақшыларын гранатамен қорқытқан, деп хабарлайды Мәскеу қаласы ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.

Жайсыз оқиға туралы бүгін Риа Новости агенттігі жазды. Сәрсенбі күні Мәскеу қаласының орталығында Lexus көлігінің иесіне қастандық жасалды. Шмит өткелінде белгісіз біреу Lexus көлігін жүргізіп келе жатқан азаматқа оқ атып, Mercedes көлігіне мініп, ізін суытқан.

1971 жылы туған ер азамат басынан жарақат алып ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша, қастандық жасау және заңсыз қару сақтау әрекеттері негізінде іс қозғалды. Тергеу комитетінің мәліметтері бойынша, қастандық әрекетінің негізгі себебі зардап шеккен азаматтың кәсіпкерлік қызметімен байланысты.

«21 қаңтар күні Щелковск автожолының бойында күдікті азаматты ұстау кезінде ол арнайы әскери жасақ жауынгерлеріне қарсылық көрсетіп, гранатаға ұқсас затпен қорқытқан. Полиция қызметкерлері табельді қаруды қолдануға мәжбүр болып, күдікті алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды»,-делінген хабарламада.