Ресейлік промоутер Геннадий Головкинге «қарсылас» таңдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Боксшы Александр Поветкиннің экс-промоутері ресейлік Владимир Хрюнов қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкинге «қарсылас» таңдады, деп жазады vesti.kz.

Бұдан бұрын хабарланғандай, WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Хулио Сезар кіші Чавес арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды.

Владимир Хрюновтың пайымынша, егер де осы жекпе-жек болғанда Геннадий Чавесті нокаутқа жіберер еді.

Сонымен қатар «Головкинге спорттық тұрғыда болашақта қарсылас ретінде кімді ұсынар едіңіз?» деген сауалға ол: «Қазіргі кезде жағдай былай өрбуде: 1 маусымда Дмитрий Чудинов Патрик Нильсенмен жекпе-жекте өзінің титулын қорғайды. Бұдан кейін Джаррод Флетчермен кездесу жоспарда бар. Осыдан кейін Дмитрий Чудинов Геннадий Головкинмен жекпе-жекке міндетті үміткер болмақ. Осы матч бойынша жұмыс істеудемін. Ал өзінің салмақ дәрежесінде Головкин үздік боксшы. Егер ол Мигель Котто мен Серхио Мартинес жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесетін болса, онда Геннадий екеуін де жеңуге қауқарлы. Головкин осы салмақ дәрежесінде кез келген боксшымен тартысқа түсуге дайын»,-деп жауап қайырды.