Ресейлік сарапшы: ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы - нағыз халықтық жоба

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазақстан Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы - нағыз халықтық жоба. Себебі, онда көрсетілген міндеттердің барлығы қарапайым тұрғындардың тұрмысын жақсартуға арналып отыр".  Бұл - ресейлік сарапшылардың пікірі, деп хабарлайды Ресейдегі Қазақстан елшілігінің сайты.

Мәскеу қаласында өткен жиында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы жан-жақты талқыланды. Мамандардың айтуынша, жобада көрсетілген қолжетімді баспана бағдарламасы, шағын несие беру, студенттерге арналған гранттар мен жатақханалардың санын көбейту мәселесі көптеген ТМД елдеріне, соның ішінде Ресей тарапына да үлгі. Бұл бастама сонымен қатар, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық саясаттың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.

«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында қарапайым халықтың басым көпшілігі үшін маңызды мәселелер көтеріліп отыр. Мәселен, баспана, білім беру, шағын несие жайына жұрт бейжай қарай алмайды, бұл елді біріктіреді. Мұның барлығы халықтың сапалы өмір сүруіне бағытталған. Осының арқасында халықтың тұрмысы жақсарған сайын ішкі нарық та жанданып, ол келешекте макроэкономикалық көрсеткіштерге де оң әсерін тигізеді»,-дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты жаһандық проблемалар орталығының ғылыми қызметкері Кирилл Петров.