Мұндай пікірді ҚазАқпараттың Мәскеудегі арнаулы тілшісі Медет Ахметовке ММУ Ақпараттық-сараптамалық орталығы Балтық елдері бөлімінің жетекшісі Сергей Рекеда білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сарапшының пікірінше, Астана кодексін қабылдап, жүзеге асыру террористік қауіптен қорғанысты қамтамасыз етеді және адам құқықтары нормаларына сай келеді.
«Қазақстан Президентінің «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауы «үйлесімді» сөзін барынша нақты сипаттайды. Өйткені, онда Қазақстанның тікелей өзінің мүддесі, сонымен бірге толықтай алғанда халықаралық қауіпсіздік мүддесі нақты көрініс тапқан», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, саяси жолдауда ортаазиялық өңірдің ішкі қауіпсіздігіне және Қазақстан басшылығы үнемі ілгерілетіп отырған ядролық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылған.
«Әрине, күнтәртібіндегі антитеррористік мәселеге баса назар аударылған. Өйткені, біздің барлығымыз да мұның халықаралық қауіпсіздіктің негізгі «қамшысы» екендігін білеміз», - деді Рекеда.
Оның пайымынша, антитеррористік операциялар жүргізуге Астана кодексін әзірлеу идеясы -Қазақстан басшысының барынша қызықты ұсынысы.
«Дәстүрлі әскери іс-қимылдарға қатысты бізде оларды реттейтін ережелер мен нормалар, құжаттар көп. Ал дәл осы террористік қауіптің барынша өзекті екенін ескерсек, мұндай нормалардың жоқтығы алаңдатады», - деді ол.