Ресейлік шоумен ашқан мейрамхананың атауы өзбектердің шамына тиді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік шоумен Сергей Светлаков Екатеринбор қаласында ашылған «Eshak» атты мейрамханасының атауына түсініктеме берді. Өткен аптада осы қалада тұратын өзбек диаспорасы өз наразылықтарын білдіріп, құзіретті мемлекеттік органдарға шағым түсірген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Ведомости Урала» басылымына сілтеме жасап.

«Біздің жарнамамызда есектің суреті тұрып, «Ишак»деген жазу болса, оған тек есектің өзі ғана ренжи алады! Мейрамхананың барлық жарнамалық материалдарын жасағанда, біз Шығыстың даналығы мен қонақжайлылығы сияқты құндылықтарына құрметпен қарадық. Мен үшін есек - балалық шағымдағы ертегілердің бір кейіпкері. «Шуриктің қызықты оқиғаларында» есек бар. Қожанасырда есекпен жүрді. Әлі есімде, ол соңғы шелпегін кішкентай досымен бірге бөлісіп жейтін», - дейді С.Светлаков.

Оның айтуынша, шығыс тағамдарына арналған мейрамхананы ашу бастамасын көптеген диаспоралар қолдады. Осыған байланысты ол паркте жиналған өзбектерді мәселені дауыс зорайтқыш арқылы емес, жеке-дара шешуге шақырды. «Қалай болса да, біздің мейрамханамызда ол адамдарды бай дастархан мен жақсы сөзбен қарсы алады», - деп атап көрсетті әртіс.

Айта кетейік, «Eshak» атты мейрамхана Екатеринбор қаласында ғана емес, Мәскеу мен Киевте де ашылған болатын.