«Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев жуырда Сарытау (Саратов) қаласында болған кезде Серік Тұрлановпен жүздескен екен. Сонда Серік 1989 жылы Оралда түсірілген фотоны көрсетіп, суреттегі ағайындарын тауып беруді сұраған. Ортада тұрған кекілі көзіне түскен балақай, бүгінде кәсіпкер С.Тұрлановтың өзі болса, оның оң жағындағы жақын ағайыны Заир Ухманов екен.
Бірінші қатарда екінші отырған Серіктің анасы Нәсима. Ал әкесі Жұмаш (төлқұжаты бойынша Димогиз) сол жолы Оралға келе алмапты. Бірақ дәм-тұзы таусылар алдында ұлынан атажұртпен байланысын үзбеуін, ағайындарын тауып, олармен табысуды өсиет етіпті.
Серіктің аманатын арқалап, елге оралған А.Ғұбашев аталмыш суретті әлеуметтік желідегі парақшасына салып, оның туыстарын іздестірді. Сөйтсе, З.Ухмановты білетіндер бар екен. Соның бірі, қазір Астанада тұратын Меңболат Сахметов Заир Батырұлының телефонын тауып берді. Ол немере бауыры Жұмаштың баласының хабарын естіп, қатты қуанды.
«Атам Лұқпанның (Батырдың әкесі) бауыры Тұрланнан Бекбол, одан Жұмаш тарайды. Серік Жұмаштың ұлы, өздері бес ағайынды. Серік кішкентай күнінде анасымен келіп кетті. Содан кейін хабар-ошар үзіліп қалған еді», деді жасы 85-тен асқан Заир Ухманов. Құлсүйіндік Байбақтылардың бір бөлігі Қазталов ауданын қоныстанғаны белгілі. Ардагер өзі де жас кезінде ата-анасымен бірге Саратов облысында тұрған екен, 1958 жылы елге оралған. Еңбек жолы барысында он жылдай облыстық прокуратурада қызмет еткен, сосын сегіз жыл Орал қалалық сотының судьясы болған. Облыстық сотта он жыл жұмыс жасағаннан кейін БҚО адвокаттар алқасының төрағасы болды.
С.Тұрланов та көп ұзамай Оралдағы туыстарына келетінін жеткізді. Серіктің өзі кәсіппен айналысып қана қоймай, бірнеше жас жігіт қосылып, қазақ тілін оқытып, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныту мақсатында «Достар» атты қор құрған. Өздері Саратовта тұрғанымен, аудандардан да ниеттес жігіттерді тартқан.
Айта кетейік, көршілес Саратов облысында бейресми есеп бойынша жүз мыңнан астам қандастарымыз тұрады. Олардың негізгі бөлігінің ағайын-туыстары Батыс Қазақстан облысында қоныс тепкен. Солардың ішінде атажұртқа ат салмай, ағайыннан ажырап, түрлі себептермен араласпай қалғандары да баршылық.