Ресейліктен 90 мың АҚШ долларына жуық қаржыға бағаланатын 9 келіге тарта героин тәркіленді - ҚР ІІМ

None
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Ресей азаматынан 90 мың АҚШ долларына жуық қаржыға бағаланатын 9 келіге тарта героин тәркіленді.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкіл Нұрділдә Ораз мәлім етті.

 ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің қызметкерлері Көліктегі ІІД-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, ауыр есірткі заттарын темір жол көлігімен жеткізумен және оларды Астана қаласы аумағында таратумен айналысып жүрген ірі есірткі сатушысының іс-әрекетінің жолын кесті. Олар қызметтік иттерді пайдалана отырып, жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар өткізу кезінде Қазақстан Республикасында тұруға ықтияр хаты бар Ресей Федерациясының 47 жастағы азаматын ұстады.

 «Одан 8,8 келіден астам героин тәркіленді. Сарапшылар алынған есірткі затын күре тамырға 44 мың 200-ден аса дозада қолдануға болатынын және оның құны 13 миллионға (немесе 88 мың АҚШ доллары) бағаланатынын атап өтті»,-деді ресми өкіл. Қазіргі уақытта оның Қазақстан Республикасында тұрудың заңдылығы және оның қылмыстық байланыстарын анықтау бойынша тексеру іс-шаралары жүзеге асырылуда.