Қоғамдық пікірді зерттеудің бүкілресейлік орталығы бейсенбі күні ресейліктердің ТМД елдеріне деген қарым-қатынасы бойынша кезекті зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Әлеуметтанушылардың төрт сұрағының әрбіріне респонденттер ең көбі үш жауап қана бере алды.
"Ресейліктердің Беларусь пен Қазақстанға деген сүйіспеншілігі жылдан-жылға артып келеді. Осылайша, алты жыл қатарынан ресейліктер ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасында осы екі елді қол жеткізген жетістіктері бойынша көш басына қойып келеді", - делінген зерттеу материалдарында.
Осылайша, 2015 жылы сауалнамаға қатысқандардың 72%-ы Беларусьті, 50%-ы Қазақстанды сәтті дамып келе жатқан ел деп санайды. Өткен жылы респонденттердің сәйкесінше 66% және 45% осындай жауап берген. Айта кету керек, зерттеу алғаш рет 2010 жылы жүргізілді. Ол кезде респонденттердің 31% Беларусьтің қол жеткізген жетістігі мол деп есептесе, 34%-ы Қазақстанды алға шығарды.
Беларусь пен Қазақстан лидерлері де ТМД елдерінің басшылары арасындағы рейтингтің көшін бастап тұр. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (63%) Беларусь президенті Александр Лукашенкоға сенетінін (өткен жылы - 61%), сонымен қатар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (45% ресейлік, өткен жылы - 38%) сенетінін айтты. ТМД елдерінің өзге президенттеріне сауалнамаға қатысқандардың оннан бір бөлігінен аздау респонденттер дауыс берді.
Сауалнама 2015 жылы 22-23 қараша аралығында Ресейдің 46 өңірінде жүргізілді. Оған 1600 адам қатысты. Статистикалық дәлсіздік 3,5%-дан аспайды.