Өзге де посткеңестік елдер секілді негізгі шығын киім сатып алуға жұмсалады. Оған мектеп және спорт формасы, спорттық аяқ киім мен аксессуарлар кіреді. Сонымен бірге сөмке мен оқу құралдарын алу керек. Ресейліктер гипермаркеттерде, маркетплейстерде, базарлар мен мамандандырылған дүкендерде сауда жасап жатыр.
Ресейдің федералдық заңнамасына сәйкес, оқушы киіміне қойылатын талаптарды әр мектеп жеке белгілейді. Бірақ тұтастай алғанда, көптеген мектеп іскерлік стильдегі киімге басымдық береді.
Оқушыларға сарафан, жакет, пиджак, шалбар, классикалық белдемше, жейде, блузка, классикалық аяқ киім кию ұсынылады. Суық мезгілде жемпір, свитер киюге болады. Галстукты әр оқушы қалауынша таға алады. Спорттық формаға футболка, трико, шолақ шалбар, кеды мен кроссовкалар кіреді.
Мәселен, балаға ресейлік зауытта шығарылған киім алу үшін төмендегі бағаларды ескеру қажет: шалбар 1 500 рубльден, пиджак – 3 200 рубльден, жейде – 900 рубльден (кем дегенде екеу алу керек), көйлек 1 200 рубльден, жартылай қыстық аяқ киім – 4 800 рубльден, жемпір 1450 рубльден басталады, аталған киімдерге 13 950 рубль қажет.
Қыздар мен ұлдарға арналған спорттық киімдердің бағасы бірдей: спорттық костюмдер 1450 рубльден, футболкалар – 390 рубльден, шолақ шалбарлар – 700 рубльден, кеды – 600 рубльден, кроссовкалар 1 700 рубльден басталады, аяқ киімге арналған сөмке 150 рубль тұрады. Осылайша барлығы – 4 840 рубль.
Қарапайым мектеп сөмкесі кем дегенде 2000 рубль тұрады, ал ортопедиялық сөмкелерді – 5500 рубльге табуға болады. Оқу құралдарына тағы 3500 рубль қажет.
Оқулықтарға келсек, белгіленген ережелерге сәйкес, муниципалды жалпы білім беретін ұйымдарда оқулықтар мен оқу құралдарын алу шығындарын мемлекет көтереді. Алайда кейбір жағдайларда оқушылар қосымша оқу құралдары мен жұмыс дәптерлерін ала алады. Олардың бағасы 100-ден 7 мың рубльге дейін созылады. Бұл ерікті сатып алулар болғандықтан біздің есепке алынбайды.
Осылайша, Ресейде бір баланы мектепке дайындауға ұлдарға 24 290 рубль, қыздарға 28 140 рубль жұмсалады. Бұл Қазақстан Ұлттық Банкінің қазіргі курсы бойынша 118 292 және 137 041 теңге.