Ресейліктер Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді сатып алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық автокөліктер Ресей нарығына 2021 жылдан бастап жеткізіледі. Бұл туралы «ҚазАвтоПром» компаниясының стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Артур Мискарянның айтуынша, қазір Өскеменде «АзияАвто Қазақстан» зауыты салынып жатыр. Оны 2021 жылы іске қосу жоспарда. Бұл зауыттың өндірістік қуаты бірінші кезеңде 60 мың дана болады, бұл автомобильдерді экспорттауға мүмкіндік береді.

«Зауытты іске қосу арқылы қазақстандық автомобильдерді Ресей нарығына шығарамыз. Бүгінде қазақстандық БипэкАвто - АзияАвто компаниясының Ресейде автоорталықтары бар. Оны қазақстандық менеджерлер тобы басқарады, бірақ әзірге ол орталықта ресейде құрастырылған көліктер сатылады. Өскемендегі зауыт іске қосылғаннан кейін, қазақстандық автомобильдер Ресей Федерациясында сатыла бастайды. Бұл туралы нақты келісім бар», - деп толықтырды Артур Мискарян.

Оның айтуынша, Ресейдегі қазақстандық дилерлік дүкендер желісі негізінен Сібір мен Қиыр Шығыста орналасқан.

«Егер көлік сатудың тиімділігі туралы айтатын болсақ, онда автомобильді Өскеменнен Новосібірге, Ижевск пен Тольяттиден Новосібірге жеткізген әлдеқайда тиімді. Осылайша, көлік шығындары азаяды. Ресейлік тұтынушылар қазақстанда құрастырылған көліктерді автоорталықтардан салыстырмалы бағамен немесе сәл төмен бағамен сатып ала алады», - деп түсіндірді А.Мискарян.

Сонымен бірге, спикер салық тұрғысынан екі елдің көліктері арасында айтарлықтай айырмашылықтар болмайтынын атап өтті.

«ҚазАвтоПромның» мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері Қазақстанда жалпы құны 229 миллиард теңгенің 33500 көлік құрастырылды. Бұған жеңіл, жүк көліктері, автобустар, арнайы көліктер мен тіркемелер кіреді.