Ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына 30 млрд доллар құйды – Путин

АСТАНА. KAZINFORM — Владимир Путин Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Ресей мен Қазақстан – ірі сауда серіктестері екенін атап өтті.

Фото: © Алексей Никольский/ ТАСС

— Әрине, біз экономика саласына айрықша көңіл бөлеміз. Себебі Ресей мен Қазақстан — ірі сауда серіктестері. Елдеріміз бірнеше жыл қатарынан экспорт пен импорт көлемінің жоғары деңгейін тұрақты сақтап келеді. Алыс-берістің басым бөлігін ұлттық валюта арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған капиталының жалпы көлемі — шамамен 30 миллиард доллар. Ал Қазақстандағы шетелдік капиталы бар заңды тұлғалардың 40 пайыздан астамы — ресейлік серіктестермен бірлесіп құрған компаниялар. Республикада Ресей инвесторларының қатысуымен 70-ке жуық ірі жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде автокөлік құрастыру, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да технологиялық салаларға қатысты тың жобалар бар. Соның арқасында қазірдің өзінде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, — деді Путин.

Владимир Путин Ресейдің бизнес өкілдері Қазақстандағы серіктестеріне баламалы және «таза» энергетика саласына қажетті бірегей әзірлемелер мен технологияларды ұсынып отырғанын айтты.

— Екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы да қарқынды дамып келеді. Қазақстанның әлемдік нарыққа бағытталған мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы (КҚК), яғни Ресей аумағы арқылы өтеді. Республиканы энергиямен тұрақты қамтамасыз ету үшін «Газпром» компаниясының қатысуымен ұлттық газ тасымалдау инфрақұрылымын оңтайландыруды және кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Ресейдің бизнес өкілдері Қазақстандағы серіктестеріне баламалы және «таза» энергетика саласына қажетті бірегей әзірлемелер мен технологияларды ұсынып отыр, — деді ол.

Еске салсақ Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні туралы жазған едік.