Ресейлік кеден органы қазақстандық ұшқышсыз ұшу аппаратын ұстады — фейк
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті Ұшқышсыз ұшу аппараттары жағдайын түсіндіріп, ресейлік БАҚ-тағы жарияланымдарды жоққа шығарды.
Комитеттің дерегінше, 22 қыркүйекте бірқатар ресейлік БАҚ-та ресейлік кеден органдарының Қазақстан Республикасынан әкелу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) ұстағаны туралы ақпарат жарияланған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл дерек шындыққа жанаспайды және оқиғаның нақты мән-жайы көрсетілмеген.
Іс жүзінде аталған ұшқышсыз ұшу аппараты биылғы жылдың 13 маусымында «Жайсан» автомобиль өткізу пунктінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері тарапынан Ресей Федерациясынан қажетті құжаттарсыз әкелуге әрекет жасау кезінде ұсталған.
— Белгіленген тәртіпке сәйкес жүк экспорттық бақылау шараларын қолдану үшін Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне берілді. Уәкілетті органға жолданған сұрау салу нәтижелері бойынша ҰҰА әкелудің рұқсат беру тәртібіне жататын арнайы тауарларға жататыны расталды, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты материалдар сотқа жолданып, сот жүк иесін ҚР ӘҚБтК-ге сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік айыппұл салды.
Барлық көзделген рәсімдер аяқталғаннан кейін жүк жөнелтілетін елге кері әкету міндеттемесімен иесіне қайтарылды.
15 қыркүйекте аталған тауар Ресей Федерациясына шығарылып, бұл туралы қолданыстағы екіжақты тәртіпке сәйкес іргелес тарап тиісті түрде хабардар етілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада көзделген экспорттық бақылау рәсімдерін толық көлемде іске асырды.
Айта кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдан бастап цифрлық активтерге салынатын салыққа өзгерістер енгізілетінін мәлім еткен еді.