Ресейлік Max мессенджерінде 18 млн қолданушы тіркелді
МӘСКЕУ.KAZINFORM - Платформада 18 млн. қолданушы тіркелгенін мессенджердің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады агенттік тілшісі.
Хабарламада Android операциялық жүйесіне пайдаланушылардың 73%-ы, iOS-қа - 26%-ы тиесілі екені, шамамен 1%-ы компьютерге арналған нұсқасын қолданатыны айтылған. Ең көп тіркелулер - Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Краснодар, Екатеринбург және Қазан қалаларында орын алған.
Платформа іске қосылғаннан бері қолданушылар 200 млн-нан астам хабарлама жіберіп, шамамен 30 млн қоңырау шалған. Дауыс қоңырауларының орташа ұзақтығы – 8 минут, топтық қоңыраулардікі – 47,5 минутты құрайды.
VK (Вконтакте) әзірлеген мессенджер биылғы жылдың 1 наурыздан бастап тестілік режимде жұмыс істеп келеді. Ресми іске қосылуы осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Маусым айында президент В.Путин ұлттық мессенджер құру туралы заңға қол қойды. Осыдан кейін Ресейдің 6 өңірі мектеп чаттарын Max-қа көшіру бойынша пилоттық жобаға енді.
Санкт-Петербург губернаторы А.Беглов барлық қалалық қызметтер платформаны пайдаланатынын мәлімдеді. Мемлекеттік думаның ақпараттық саясат жөніндегі комитетінің басшысы С.Боярский ұлттық мессенджерге ашық сын айту азаматты шетелдік ықпал тұрғысынан тексеруге себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, биыл тамызда Роскомнадзор Telegram мен WhatsApp мессенджерлерінде дауыс қоңыраулар жасау мүмкіндігін бұғаттады. Бұған алаяқтармен және террористермен күрес себеп болғанын түсіндірді.
Mediascope деректеріне сәйкес, Ресейде WhatsApp-тың ай сайынғы аудиториясы 97,5 млн адамға жетеді, бұл – халықтың 79%-ы.
Ресейде алаяқтарға қарсы жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр.
Осыған дейін Ресейде Telegram және WhatsApp арқылы қоңырауларға шектеу қойылғаны туралы жаздық.