Ресейлік министрлер ЖИ енгізу нәтижелерін жыл сайын жариялап отырады

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей президенті Владимир Путин министрліктер мен ведомстволар басшылары өз салаларында жасанды интеллектті енгізу нәтижелерін жыл сайын ашық түрде жариялап отыруы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: naryk.kz

– Министрліктер мен ведомстволар басшылары өздеріне қарасты салаларда жасанды интеллектті енгізу нәтижелерін жыл сайын көрсетуі керек, – деді ол жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі кеңесте.

Мемлекет басшысы бұл жерде қағаз жүзіндегі есептер емес, нақты қолданылып жатқан шешімдер көрсетілетін ашық әрі жария баяндамалар туралы айтып отырғанын атап өтті.

– Бізге формалды есептер емес, нақты жұмыс істеп тұрған технологиялар қажет. Биыл осы бағыттағы нәтижелерді арнайы көрмеде тыңдаймыз, – деді Владимир Путин.

Оның айтуынша, мұндай көрме Сбер ұйымдастыратын «Жасанды интеллект әлеміне саяхат» атты конференция аясында өтеді.

Путин жасанды интеллектті дамыту мәселесі үнемі талқыланып келе жатқанын атап өтіп, 2025 жылдың соңында өткен салалық конференция мен Стратегиялық даму және ұлттық жобалар жөніндегі кеңесте де бұл тақырып кеңінен қаралғанын еске салды.

Айта кетейік, Қазақстан-Ресей арасындағы сауда қатынасы цифрлық форматқа ауысады.