Ресейлік сарапшы Қазақстанның 6 жылдағы ең маңызды жетістігін атады

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік сарапшы Аркадий Дубнов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Орталық Азия және әлемдік аренада өңірде қатынастың қалай өзгергені туралы айтып берді. 

Фото: cyprus-daily.news

Саясаттанушының пайымынша, Орталық Азиядағы ең байыпты өзгерістер 2021 жылы болған аса резонансты оқиға — Ауғанстаннан америкалық әскердің шығарылуынан кейін болды. Бұл аймақ үшін сын-қатерге айналды. Өйткені Кабулда билікке келген Талибан қозғалысының қандай да бір түрде өктемдік жүргізуі мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты елеулі қауіп болған еді. Алайда, бұл қауіп шектен тыс алаңдаушылық болып шықты. Тәліптер өзгере алатын, ауғанішілік шынайы жағдайда бейімделетін радикалдар болып шықты.

Қазақстан тәліптер режиміне экономикалық ынтымақтастыққа бейімдеуге болатындығын байқап, олармен жақын болу перспективаларына жеткілікті теңгерімді көзқарас танытқан Орталық Азия елдерінің қатарынан табылды. АҚШ-тың Орталық Азиядан кетуінің оң әсерлері де болды: аймақ АҚШ-тың әскери қатысуының тылдық базасы болудан қалды. Бұл Орталық Азия елдерінің Ресей және Қытаймен қарым-қатынасын қиындататын факторлардың бірі еді.

Аркадий Дубнов ертеректе өзекті болған ОА форматы аймақта тарихи тұрғыда мекендеген діни және этникалық жақын халықтардың мүдделерін білдіретін әлемдік геосаясаттың ажырамас субъектісі ретінде өңірді қосымша институттандыру қызметін атқаратынын атап өтті.

— Осы тұрғыдан алғанда, бұл — мәдени дәстүрлері тереңде жатқан, әлемнің басқа аймақтарына ықпал еткен тұтас дерлік өркениетті көрсететін бірегей аумақ. Отырықшы және көшпелі халықтар, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасын байланыстырушы қандай да бір көпір саналатын Қазақстан осынау тарихи парадигмада ерекше орын алады, — деп түсіндіреді сарапшы.

Оның айтуынша, постиндустриалды дәуірде Қазақстанның бұл рөлі әлемдік дамудың әртүрлі орталықтары үшін ерекше сұранысқа ие болып отыр.

— Бұл тек Қазақстанның мол табиғи ресурстарына ғана байланысты емес, сонымен қатар оның ЕО, АҚШ, Жапония, Ресей және Қытай экономикаларын байланыстыратын ірі көлік-логистикалық хаб ретіндегі мүмкіндіктеріне де қатысты, — деді Аркадий Дубнов.

Сарапшы мұндай мол ресурсты іске асырудың өзі Қазақстанның «орта держава» ретіндегі бар мүмкіндіктерін «капиталдандырудың» жоғары деңгейіне ықпал ете алады деп санайды.

— Бұл Президент Тоқаев айрықша бөле көрсететін аталған мәртебенің өзектілігін қуаттай түседі. Меніңше, Қазақстанның соңғы 6 жылдағы ең басты жетістігі — Қасым-Жомарт Тоқаев отандастары арасында орнықтыруға ұмтылатын саяси тәуелсіздік пен тарихи егемендіктің қадір-қасиеті ерекше мәнді болып көрінетін өзіндік мәнерлі сипаты бар ел имиджіне қол жеткізуі. Құндылықтан ықпал басымдығы халықаралық қарым-қатынасқа ауыр салмақ түсіретін қазіргі өте күрделі уақытта бұл Қазақстан көшбасшысы қолға алған аса күрделі де жауапты қызмет, — деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.