Ресейлік сарапшы Тоқаев Жолдауының басты экономикалық бағдарларын атады

МӘСКЕУ. Kazinform- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы саяси қайта құрулардың маңызды кезеңінің аяқталғанын көрсетеді және сонымен бірге экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағдар белгілейді. Мұндай пікірді агенттік тілшісіне берген сұхбатында Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты (ҚҚАИ) Орталық Азия зерттеулері орталығының басшысы Александра Перминова білдірді.

Фото: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі

— Бір жағынан, бұл саяси қайта құрулардың белгілі бір қорытындысын бейнелейді. Екінші жағынан, Жолдаудың өзі елдің экономикалық дамуының жинақталған міндеттеріне арналған. Ол Қазақстан үшін тарихи маңызды кезеңде айтылды, ал Президент оның мазмұнының ерекше маңызын атап өтті, — деді Александра Перминова.

Сарапшының пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі жүргізіліп отырған бағыттың жүйелілігін көрсетеді.

— Жаңа Конституция қабылданып, мемлекеттік институттар жүйесінде, оның ішінде заң шығарушы билікте қайта құрулар жүргізілгеннен кейін саяси өзгерістердің халықтың нақты мәселелерін шешуге әкелетінін көрсету аса маңызды. Жаңа институттарға деген сенім реформалар нәтижесінің қаншалықты сезілетініне байланысты болады, — деді ол.

Спикер Жолдаудың орталық мәселелерінің бірі ретінде инфляцияны тежеуді атады. Оның бағалауынша, бағаға қысым жағдайында макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар неғұрлым тұрақты өсуді қамтамасыз ете алатын шаралар ерекше мәнге ие болады: өндірісті кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру.

Перминова Қазақстан экономикасын әртараптандырудың және оның шикізат секторына, сондай-ақ сыртқы конъюнктураның ауытқуларына тәуелділігін азайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, халықаралық ахуалдың тұрақсыздығы тек қауіп-қатер ғана емес, экономикалық саясатты уақтылы бейімдеген жағдайда ел пайдалана алатын мүмкіндіктер де туғызады.

Сарапшы Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне бөлек назар аударды. Оның ойынша, елдің халықаралық логистикадағы ұстанымын одан әрі нығайту көбіне шекаралық өткізу бекеттері жұмысының тиімділігін арттыруға, бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты болады.

Тағы бір стратегиялық бағыт ретінде ол энергетиканы атады. Сарапшының айтуынша, энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізу және генерациялаушы қуаттардың қажетті резервін құру өнеркәсіптің, құрылыстың және жалпы экономиканың одан әрі дамуы үшін принципті мәнге ие.

Қазақстан–Ресей өзара іс-қимылының болашағы туралы айта отырып, Перминова энергетикадағы ынтымақтастықтың, оның ішінде Қазақстандағы атом электр станциясын салу жобасының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, ұлттық кадрларды даярлау және республиканың өз технологиялық құзыреттерін дамыту да маңызды бағыт болып табылады.

Бұған дейін ресейлік сарапшы Қазақстан Президенті Жолдауының әлеуметтік басымдықтарына баға берген еді.