ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресей Федерациясы бағытында 6 шілдеден бастап «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде 200-ге жуық жүк көлігі тұрып қалды.
Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім еткеніндей, Ресей тарапынан шекаралық бақылау процестерінің баяулауы кептелістің негізгі себебі болып отыр.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес Ресейдің шекара қызметі „Маштаков“ өткізу бекетінде инспекциялық-тексеру кешенінің жұмысындағы проблемаларға байланысты жүктерге физикалық бақылау жүргізеді. Қазақстандық тарап жағдайды реттеу үшін ресейліктермен жұмыс жүргізуде», — деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, ЕАЭО елдерімен шекарада мемлекеттік кірістер органдары тек тасымалданатын жүктерге мониторинг жүргізеді (5-7 минут ішінде), бұл кептеліс туғызбайды.
«Сырым» автомобиль өткізу бекеті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).