Ресеймен шекарада ұзын-сонар кезек: Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА.KAZINFORM - ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі таңда «Жайсаң» өткізу бекетінде жүк көліктерінің кептелісі жоқ екенін хабарлады.

Фото: Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бекетінің алдында жүк көліктерінің бірнеше шақырымдық кезегі қалыптасқаны туралы ақпарат тараған болатын.

— Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті қазіргі уақытта «Жайсаң» өткізу бекетінде жүк көліктері кептелісінің жоқтығын, бақылау-өткізу бекетінің қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Тәулік ішінде Ресей Федерациясының шекарасынан өту үшін кезекте тұрған жүк көліктерінің саны 50 көліктен аспайды, - делінген ведомство хабарламасында.

«Жайсаң» бекетінен күніне орта есеппен 1,6 мыңнан астам жүк және жеңіл көлік өтеді.
Сондай-ақ, Комитет шекараның Қазақстан жағындағы өткізу бекетінде әр бағытта төрт жол сызығы, Ресей жағынан «Сағарчин» өткізу бекетінде бір жолақ бар екенін атап өтті.

- Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан жұмыс әдеттегідей жүргізіліп жатыр, бақылау-өткізу пунктінде барлық құжатты тіркеу терезелерінің жұмысын қамтамасыз ететін 4 қызметкер жұмыс істейді, өткізу пункті ішінде жүргізушілер мен автокөліктердің кезегі жоқ, - делінген хабарламада.