Ресеймен шекарадағы 10 ауылға баратын жолда әлі күнге асфальт жоқ
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарасындағы Құрманғазы ауданында 10 елді мекенге баратын жолға асфальт төселмеген. Бірақ жыл сайын сазды топырақ төселген қара жолды күтіп-ұстауға қаржы бөлінеді.
Саз төселген жол
Құрманғазы ауданында № 7 разъезден басталып, Сүйіндік ауылына дейін созылатын жол бар. Жол бойында 4 ауылдық округтің 10 елді мекені орналасқан.
Бұл жолмен Қошалақ, Асан, Үштаған Азғыр, Балқұдық, Жалғызапан, Қоңыртерек, Егінқұдық, Батырбек және Сүйіндік ауылдарының тұрғындары қатынайды.
Балқұдық ауылында 1395, Азғырда 380, Қоңыртеректе 265 тұрғын мекендейді. Ал Асан ауылында 569, Үштағанда 653 адам тіркелген.
Сүйіндік ауыл округіндегі Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық ауылдарында тұратын халықтың саны — 2 504.
Азғыр ауылдық округінің орталығы — Балқұдық ауылының байырғы тұрғыны, Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуаншалиннің айтуына қарағанда, кеңес дәуірі кезінде де шалғайдағы 10 елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына қара жолмен қатынаған.
Бірақ 40 күн шілденің ыстығында бұл жолмен мүмкін емес.
— Бұл жол құм арасымен өтеді. Күн әбден ысыған кезде құм сұйылып, көліктің жүруіне қиындық келтіреді. Көліктер құмға батып қалады. Сондықтан, аудан басшылары 1980 жылдары қара жолға сазды топырақ төгіп, әбден нығыздады. Өйткені, сол кезде Балқұдық асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңға жуық қой, 6 мыңдай жылқы, Сүйіндік асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңнан астам қой, 7 мыңның шамасында жылқы болды. Шопандар мен жылқышыларға саз төселген жолмен жем, пішен тасылды. Қазір мұндай ірі шаруашылықтар жоқ, — дейді Мансұр Қуаншалин.
Оның пікірінше, жол — тұрғындардың жанына бататын түйткіл. Бірақ жол салу мәселесі шешімін таппай отыр.
— Жол салу мәселесі қозғалғалы 40 жылдан асқан болар. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін де бұл мәселе талай айтылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім алынған жоқ. Облысты басқарған бірнеше әкім осы жолмен жүріп өтті. Мәжіліс пен Снаттың депутаттары да, түрлі министрліктің басшылары да бұл жолмен жүрді. Бұл — мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселе, — дейді Мансұр Қуаншалин.
Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің ұсынған ақпаратына қарағанда, облыстық маңызы бар № 7 разъезд-Асан-Балқұдық-Сүйіндік автомобиль жолын күтіп-ұстауға 491 млн теңге бөлінген.
— Жолды күтіп-ұстауға 12 ақпанда «Ганюшкин құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 2025 жылға 169 млн теңге қаралды. Келісімшарт мерзімі — 3 жыл. Аталған жолдың топырағын тегістеу және қыру жұмыстары атқарылады. Тапсырыс беруші — облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, — деген ақпарат берді Абат Жанғалиев.
Асфальтсыз жолдың ұзындығы — 286 шақырым
«Құрманғазы жолдары» ЖШС директоры Аслан Байменовтің айтуынша, аталған жолды күтіп-ұстау оңай шаруа емес.
— Жолды күтіп-ұстау жұмысының қиындығын жете білемін. Өйткені біздің компания 2011 жылдан бері осы жұмысты атқарып келді. Жолдың қашықтығы — 286 шақырым. Жолға асфальтты айтпағанның өзінде, қиыршық тас та төселмеген. Кезінде шаруашылықтарға жемшөп тасымалдау үшін саз топырақ ғана төселген ғой. Содан бері ештеңе төселген жоқ. Біз жыл сайын сол сазды тегістеп, көліктің жүруіне тоқтаусыз жағдай жасадық. Алайда қыру, тегістеу секілді жұмыстың жасалғаны көрінбейді. Өйткені бір-екі ауыр жүк көлігі жүріп өтсе, жол қайтадан бүлінеді, — дейді Аслан Байменов.
Оның айтуына қарағанда, жолды тегістеу, қыру жұмыстарының нәтижесі байқалатын екі кезең бар.
Біріншісі кезең — наурыз, сәуір, мамыр айлары. Сонан соң қазаннан желтоқсанға дейін кезеңде жұмыстың нәтижесі көрінеді.
— Жүргізушілер жазғы ыстықта жолды тегістемеуді сұрайды. Себебі маусымнан тамызға дейін құм сұйылып, көліктің жүруі қиындайды. Осы кезде жолды тегістелсе, бұрынғы қалпынан айырылып қалады, — дейді Аслан Байменов.
Биыл аталған жолда күтіп-ұстау жұмысын атқаратын мердігер өзгерген. Енді бұл міндет «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС-ға жүктелген.
Компания директоры Ербол Құрмановтың мәліметіне сүйенсек, жұмысқа 16 адам тартылған.
— Бізде жолды тегістейтін 3 автогрейдер, қажетті инертті материалдарды тасымалдайтын 3 МАЗ, 3 жүк тиейтін техника бар. Жұмысшыларды 1 УАЗ, 2 ГАЗель көлігімен тасымалдаймыз. Жазда шаң көтерілмес үшін 1 техника су шашады. Ал қысқы маусымда 3 техникамен тұз себеміз, — дейді Ербол Құрманов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Мұқыр-Құлсары» жолын жөндеуге цифрлық теңге пайдаланылатынын жазған едік.