Ресеймен шекарадағы өткізу пункті жаңартылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекаралық өткізу пунктінде қайта жаңғырту жұмыстары екі ауысыммен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.

Видеодан алынған кадр

Жоба өткізу пунктінің инфрақұрылымын жаңартуға, оның өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ азаматтар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

— Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру өткізу пунктінің инфрақұрылымын жақсартып, мемлекеттік шекарадан өту тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».

Еске салайық, бұған дейін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда жүк көліктерінің өткізу пункттерінен өту уақыты 30 минуттан аспауға тиіс екенін айтқан еді.