Ресми Дамаск оппозициямен соғысты тоқтату және тұтқындарды алмастыру мәселесін талқылауға дайын

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Сирияның үкіметтік делегациясы оппозициямен соғысты тоқтату және тұтқындарды алмастыруды қоса алғанда барлық мәселелерді талқылауға дайын. Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл жайында бүгін Сирия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Фейсал Микдад журналистерге мәлім еткен.

«Біз барлық мәселелерді, оның ішінде соғысты тоқтату, әскери тұтқындарды алмастыруды талқылауға дайын болдық», - деді ол.

Ф.Микдадтың атап өтуінше, бүгін сағат 11:00-де Сирияның үкіметтік делегациясы оппозициямен келіссөздер үстеліне отыруға дайын болды. Алайда екінші тараптың кінәсінен жоспарланған шара орындалмай қалды.

«Біз Брахими (БҰҰ мен Араб мемлекеттері лигасының арнайы өкілі Лахдар Брахими) «жұмыстар аяқталды», дегенше Женевада қалуға дайынбыз», - деді ол.