АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда өткен президент сайлауында ел аумағындағы және шет елдердегі сайлау учаскелеріндегі бюллетендердің 99,9 пайызы саналып, кандидат Эммануэль Макрон 66,06% дауысқа ие болғаны мәлім болды. Оның қарсыласы - Марин Ле Пенге сайлаушылардың 33,94%-ы сенім білдірген, деп жазады Би-би-си.
Бұл жолғы ел президенті сайлауында дауыс бермеген француздар (25,38%-ы) мен толтырылмаған және бүлдірілген бюллетендер санының көптігі сондай, рекордтық көрсеткішке жетті.
Францияның ішкі істер министрі ресми түрде Макронды бұл сайлауда жеңіске жетті деп мәлімдеді.
39 жастағы Макрон ел тарихындағы ең жас президент болып отыр.
Макронның штабы сайлау нәтижесі жарияланбай жатып-ақ өз жеңісіне сеніммен, тойлауды бастап кеткен. Ол осыған дейін Ангела Меркель, Тереза Мэй, Дональд Трамп және канадалық премьер Джастин Трюдодан құттықтау алып үлгерген.
Ербол Жанат
ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны тәмамдаған. Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, "Астана ақшамы" газетінде тілші болған. 2014 жылдан бері Kazinform ХАА-да шығарушы редактор қызметін атқарып келеді.