Ресми тіркелген шымкенттіктердің саны 932 мыңнан асты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкент қаласының ресми тіркелген тұрғындарының саны 932 мыңнан асты.  Бұл туралы халық қалаулылары алдында 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Қала әкімі атап өткендей, ағымдағы  жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, Шымкентте 932 мың 400 адам тіркелген. Былтырмен салыстырғанда халық саны 3,7%-ға артып отыр.

Ғабидолла Әбдірахымов есеп беру кеңесінде сондай-ақ, облыс орталығында көптеген сала бойынша өсім байқалатынын атап өтті. Мәселен, ауылшаруашылық өндірісі - 9,6%, құрылыс - 14%, инвестиция көлемі - 1,7%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 11,3%, бөлшек сауда көлемі 3,4%-ға артқан.