Респонденттердің 14 пайызы Халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген - сауалнама

None
АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Премьер-Министрдің pm.kz ресми  сайтында жүргізілген сауалнаманың  қорытындысына сәйкес, респонденттердің 14 пайызы   жұмысқа тұру  үшін  Халықты   жұмыспен  қамту  орталықтарына жүгінген.

Сауалнамаға жауап бергендердің 10 пайызы Жұмыспен қамту орталықтарына жүгініп, әлеуметтік келісімшартқа отырған. Тағы 4 пайызы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының арқасында жұмыс тапқан.

Дегенмен, респонденттердің 42 пайызы «тұрақты жұмыстары бар болғандықтан» жұмыспен қамту орталықтарына бармаған. 44 пайызы Жұмыспен қамту орталығының көмегінсіз жұмыс іздегенді жөн көретіндерін айтқан.

Естеріңізге сала кетейік, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы 2011 жылы ілкі режімде жүзеге асырылған болатын. Өңірлерде құрылған халықты жұмыспен қамтудың 204 орталығы 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтарды қабылдап жатыр.

2011 жылы Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің жалпы саны 84,1 мың адамды құраған, олардың ішінде 58,6 мың адам әлеуметтік келісімшартқа отырған. 69,3 мың адам кәсіптік оқумен қамтылып, олардың 31 мыңы оқуларын аяқтаған және 16 мың адам тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылған. Тағы 16,2 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылған.

2011 жылы Бағдарлама аясында 38 мыңнан астам жаңа жұмыс тапқан, 1435 қатысушы шағын несиелер алған (несиенің орташа сомасы - 1 862 мың теңге). Республиканың 10 облысында еңбек ресурстарының жинақылығын арттыру мақсатында ерікті қоныс аударушылар үшін 212 жеке тұрғын үй мен көппәтерлі 13 үй салынды.

2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі отыр. Атап айтқанда, Бағдарламаға ауылдық елді мекендерді дамытуды қарастыратын жаңа төртінші бағыт енгізілуде және бағдарламаға қатысушылар тапсыратын құжаттардың саны азайтылмақ.

Бұл толықтырулар Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауымен жүктелген міндеттерді ескере отырып әзірленіп отыр.

pm.kz сайтында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына қатысасыз ба (Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша) деген сауалға негізделген жаңа сауалнама жүргізілуде.