Респонденттердің 78 пайызы Конституциялық реформаны қолдайды — сауалнама

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында Ата заңға енгізілетін өзгерістерді халықтың қалай қабылдап жатқаны туралы пайымын айтты. 

— Жақында «Қоғамдық пікір» институты өткізген сауалнаманың нәтижесін жариялаған еді. Осы зерттеудің нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 79 пайызы жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаны уақтылы деп санайды. Сонымен қатар, азаматтардың едәуір бөлігі Конституциядағы өзгерістерді жеке әл-ауқатының артуымен, өмір сапасының жақсаруымен тікелей байланыстырады, — деді ол.

Оның дерегінше, респонденттердің 65 пайызы ұсынылып отырған өзгерістер олардың өміріне оң әсер етеді деп сенеді.

— Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі, яғни, респонденттердің 78 пайызы Конституциялық реформаны қолдайтынын білдірді. Қоғамдық пікірді зерттеу көрсеткендей, Конституциялық реформа — азаматтардың кеңінен талқылауға қатысуына және қоғамдық қолдауға сүйенеді, — деді институт басшысы.

Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған